Үндістанда діни мерекелер кезінде болған екі қайғылы оқиғадан ондаған адам қаза тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.
Жексенбі күні Мадхья-Прадеш штатындағы Гвалиор қаласында жүк көлігі ғибадатхана жанына жиналған қажылар тобына соғылды. Жергілікті БАҚ мәліметінше, 13 адам қаза тауып, 40-тан астам адам түрлі жарақат алған. Тергеудің алдын ала болжамына сәйкес, апатқа жүк көлігіндегі техникалық ақау немесе жүргізушінің қателігі себеп болуы мүмкін. Билік өкілдері көлік жүргізушісі мен оның иесінің ұсталғанын хабарлады.
Күні кеше Батыс Бенгалия штатының Калькутта қаласында Дурга-пуджа фестивалі өтті. Кептеліс кезінде 19 адам қаза тапқан. Оның ішінде төрт кәмелетке толмаған бала бар, тағы 25-тен астам адам жарақат алды. Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, мерекеге қатысушы жүздеген адам нөсер жауыннан тасалану үшін павильонға ұмтылған, бұл кіреберістер мен шығаберістерде адамдардың шамадан тыс жиналуына әкелген. Тергеу аясында шараны ұйымдастырушылар мен жеке күзет компаниясының қызметкерлері ұсталды.
Үндістан президенті Драупади Мурму қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі. Дурга-пуджа фестивалі Шығыс Үндістандағы ең маңызды діни мерекелердің бірі. Оған жыл сайын миллиондаған адам қатысады.
Айта кету керек, бұған дейін Үндістанда мереке кезінде болған кептелістен 17 адам қаза тапқанын жазғанбыз.