Үндістанда мұсылмандар кең көлемді шеруге шықты. Шеруге елдегі саяси белсенділер, мәжіліс өкілдері, өнер жұлдыздары және жорналшылар да қатысты әрі наразылық елдің бірнеше ірі қалаларында өтті. Олар әсірешіл индустердің сиырларды қорғауды сылтауратып, мұсылмандарға шабуыл жасауын айыптады, деп хабарлайды qazaqtimes.com.
Наразылық шеруі елдің орталық қаласы Нью-Делиден тартып, Калькутта, Хейдарабад, Бомбей, Батыс Бенгал және өзге де қалаларында ұйымдастырылды. Шара әсірешіл үндістердің мұсылмандарға қаратқан қатігездік әрекеттеріне наразылық ретінде өткізілді. Шерушілер қолдарына "Мұсылмандарға қысым көрсетуді тоқтатыңдар!" деген әр түрлі ұрандарды көтеріп, Үндістан Конституциясында барлық діндер мен мазхабтарға рұқсат етілгендігін ескертті. Сонымен бірге азшылық қауымның құқықтарына қол сұғушыларға үкіметтің шара қолдануын талап етті.
Өткен аптада үнді дінінің әсірешіл бір топ өкілдері бір мұсылманға шабуыл жасаған болатын. Нәтижесінде шабуылға ұшыраушы мұсылман аянышты күйде өлтірілген. Бұл сол елдегі мұсылмандардың күшті наразылығын тудырды.