Үндістанның солтүстік-шығысындағы Ассам штатында жалғасып жатқан су тасқынынан 600 мыңнан астам адам зардап шекті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
су тасқынынан 10 аудан - Ходжай, Каримгандж, Моригаон, Нагаон, Дима-Хасао, Качар, Дибругарх, Хайлаканди, Голагхат және Батыс Карби-Англонг зардап шекті, ол жерлерде жағдай әлі де қиын.
"Ассамда жағдай қиын, 10 ауданда 625 318 адам су тасыған өзендерден зардап шекті. Соңғы 24 сағатта төрт адам қаза тауып, құрбандардың жалпы саны 18-ге жетті", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Качар ауданында төрт адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Шенеуніктердің айтуынша, қазір 577 ауыл су астында қалып, 6023 гектарға жуық егістік алқап зақымданған. Ассам штатының апатты басқару басқармасының мәліметі бойынша, жергілікті үкімет зардап шеккен аудандарда 191 көмек көрсету лагері мен 108 бағыттау орталығын ашты.
Билік сонымен қатар жолдардың зақымдануына байланысты кейбір пойыздардың қатынауын тоқтатты. Ассам және Манипур штаттарында "Ремаль" циклоны себеп болған қатты жаңбырдан кейін су тасқыны болды.