Air India әуе компаниясының Airbus A321 ұшағы Нью-Делидегі халықаралық әуежайға қонғаннан кейін өртке оранды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әуе кемесі Гонконгтан ұшып келген. Әуе компаниясы төтенше оқиға туралы ақпаратты растады.
Ресми мәліметке сәйкес, жолаушылар ұшақтан түсіп жатқан кезде оның қосалқы қуат қондырғысы тұтанып, кейін автоматты түрде сөндірілген. Қазір әуе кемесі тексеру жүргізу үшін уақытша пайдаланудан алынды. Әуе компаниясы оқиға жөнінде авиациялық органдарға хабар берген.
Бортта болған жолаушылар мен экипаж мүшелері зардап шекпеген.
Айта кететіні, 12 маусым күні Air India әуе компаниясының Ахмедабадтан Лондонға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Әуе компаниясының мәліметінше, ұшақ бортында 242 адам болған, оның ішінде екі ұшқыш пен он бортсерік бар. Апат нәтижесінде бір жолаушы ғана аман қалды.