Алау эстафетасына қатысатын Қазақстанның барлық 16 қаласы Универсиада алауын көтеру құрметіне лайықты тұлғалардың есімін анықтады, деп хабарлайды 24Хабар.
Мың алау көтерушінің 70%-ын ғылым, мәдениет және спорт саласында жетістіктерге жеткен 17-28 жас аралығындағы студенттер құрап отыр.
Сондай-ақ, спорт пен қоғамдық өмірде еңбек сіңіріп жүрген Қазақстанның ең белсенді азаматтары да алау көтеруші құрметіне ие болды. Олардың қатарында грек-рим күресінің 1980 жылғы олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, бокстан 2000 жылғы олимпиада чемпионы Ермахан Ибрайымов, 1988 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Дәулет Тұрлыханов, бокстан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай, жүзуден 2016 жылғы олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, Әбу-Дабиде өткен джиу-джитсудан әлем чемпионы Мөлдір Мекенбаева, сондай-ақ, түрлі жылдары Қазақстанға жеңістерді сыйлаған тағы да басқа көптеген спортшылар бар.