Универсиаданы киіндірген еліміздің тігін компаниясы шеберхананың жұмысымен таныстырды

1425

Универсиаданы киіндірген еліміздің тігін компаниясы шеберхананың жұмысымен таныстырды

Қазақстанның "Алтын жұлдыз" текстиль компаниясы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға қатысатын спортшылар, еріктілер мен төрешілердің киімін 45 күнде дайын етті. Тігіншілер күніне 500 адамның киімін даярлап, барлығы 33 824 түрлі киім тіккен. Бұл туралы тігін компаниясының директоры Алтын Қадыс Жанат ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Бүгін БАҚ өкілдеріне арнайы пресс-тур ұйымдастырған "Алтын жұлдыз" тігін компаниясы универсиада киімдерінің қалай әзірленіп жатқанын көрсетті.

"Күніне тігіншілер екі ауысыммен жұмыс жасап, 500 адамға киім тігіп отырды. Тапсырыстың алғашқы партиясын келісімшарт жасасқаннан кейін 45 күннен соң тапсырдық. Қазір киімдердің 90 пайызы дайын. Енді тек, полицейлер мен дәрігерлердің киімдерін дайындап жатырмыз. Жалпы, ұжымымызда 107 тігінші бар. Трикотажды Түркиядан алғанымызды айта кету керек. Себебі, Қазақстанда бұл сала кенже қалып келетіні жасырын емес. Сондықтан, қысқа мерзімде дайындау үшін шет елден сатып алуға турал келді. Барлығы 33 824 киім дайындадық. Мұның ішінде спортшылар, еріктілер, төрешілер, ұйымдастырушылардың киімдері бар, бұған сөмкелердің де саны кіреді. Алғашқы дайын киімдерімізді 2016 жылдың қараша айында өткіздік. Киімдердің түйме, жапсырғыш секілді ұсақ-түйектері мен жарнамалық жапсырмалары жұмысты аздап тежегені болмаса, жалпы тапсырысты уақытында үлгердік", – деді Алтын Жанат.

Сонымен қатар, ол киім дизайнында ұлттық ою, түр-түсін таңдағанда қазақ даласының жазира жазығының өңі таңдалып алынғанын айтты.

"Киімдердің түсіне де ерекше мән бердік. Еріктілер жастар болғандықтан ашық жарқын, жасыл түсті таңдасақ, ұйымдастырушылар үшін қызыл түсті алдық. Киімдердегі бояулар қанық. Қазақтың ою өрнегін, байрағымыздың түсін беруге тырыстық. Жалпы, біз дизайнерлермен ақылдаса отырып, 4 түрлі үлгі әзірлеп Универсиада дирекциясына, Алматы әкімдігіне  көрсеттік. Олар бір модельді таңдады. Осыдан кейін, біз қандай матадан қандай киім түрлерін әзірлейтінімізді белгілеп алдық. Киімдердің көлемі үлкен. Мысалы, 3000 еріктіге киім тіктік. Оның бір үлгісінің өзі үш киімнен тұрады: тымақ, күрте, шалбары бар спорт күртесі және рюкзак. Бұған дейін қазақ елінің спортшыларының киімін тігіп жүрген компанияға бұл аса қиындық туғызбады", - дейді Алтын Жанат.

Сонымен қатар, ол тапсырыстың 90 пайызын дайындаған компания қызметкерлері енді полицейлер мен дәрігерлердің киімін де уақытында өткізуге тырысып жатқанын айтты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу