Жоғары оқу орнын аяқтаған немесе колледж дипломын алғандардың 40 пайызы жұмыс таппайды екен. Колледж түлектерінің жартысына жуығы мамандығы бойынша еңбек етпейді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов айтты. Вице-премьер, сондай-ақ, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 32 пайызы мектептен кейін білімін жалғастырмағандар деп отыр. Ал қазір осы орта білімге байланысты да сын көп. Соның өзектісі – соңғы қоңырауды 25 мамырдан 1 маусымға ауыстыру болып отыр. Оқу-ағарту министрі бүгін "1 аптада ештеңе оқытпайды" деген ата-аналардың сынына байланысты өз ойын айтты.
"Сабақ бітті, балаларға не оқытатынымды білмеймін" - деген мәселе көтерілген кезде, қисынсыз қойылған сұрақ деуге болады. Немесе осылай айтқан мұғалім, әрине ондай мұғалім бар болса, демек ол ұстаз күнтізбелік-тақырыптық жоспар дегеннің не екенін білмейді деген сөз. Өйткені, күнтізбелік-тақырыптық жоспар оқу жылының басында бекітіледі", - деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.