Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменттің басшысы Әли Көмекбаев мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген жаңашылдықтарға тоқталды, деп жазады inbusiness.kz.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, республикада жақсы оқып, жоғары оқу орнын бітіргені туралы диплом алған жастар үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Енді ЖОО түлектері оқуын аяқтағаннан кейін 1 жыл ішінде конкурссыз негізде мемлекеттік органдарға жұмысқа орналаса алады. Атап айтқанда, бұл облыстардағы аудандық және ауылдық мемлекеттік органдардағы төменгі мемлекеттік лауазымдар. Жастардың GPA 3,33-тен төмен болмауы тиіс", - деді ол.
Әли Көмекбаевтың сөзінше, бұдан бөлек жұмыс іздеп жүрген жастардың мемлекеттік қызметте өздерін сынап көруге мүмкіндіктері бар.
"Яғни, олардың мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өтіп, айына 100 мың теңгеге жуық табыс таба алатын бірқатар жоба ("Жастар практикасы" және т.б.) бар. Біз мемлекеттік қызметтің қыр-сырын меңгергісі келетін жастарды департаментке сұхбаттасуға шақырамыз. Орын саны шектеулі", - деп атап өтті спикер.
"Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын мемлекеттік лауазымдарға тағайындауға құқығы бар лауазымды адам уәкілетті органмен немесе оның аумақтық департаменттерімен келісу бойынша бекітілетін болады.
Биыл 1 наурыз бен 31 желтоқсан аралығында "Е-қызмет" ақпараттық жүйесінде мемлекеттік қызметке іріктеудің пилоттық жобасы іске асады. Оның ерекшелігі үміткерлер арнайы кезеңдерден өтіп, конкурс жеңімпазы комиссия шешімімен емес, барлық кезеңдердің жиынтық қорытындысы бойынша жүйемен автоматты түрде анықталмақ.
Бұдан басқа дарынды жастарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында "Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі" жобасы іске асырылуда.