Университет түлектері неге жұмыссыздар қатарын толықтырып жүр?

233

Елімізде 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды.

Университет түлектері неге жұмыссыздар қатарын толықтырып жүр? Фото: canva.com

Мәжіліс депутаты Дания Еспаева Жоғары аудиторлық палатаның бағалауына сүйене отырып, түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылатын жұмыс орындарының көбісі уақытша екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Айтуынша, еңбек нарығын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасында оны дамытудың негізгі тәсілдері белгіленген.

Атап айтқанда, жаңа сапалы жұмыс орындарын құрудың сипаттамалары айқындалған, сондай-ақ 2030 жылға қарай 3,8 млн жаңа жұмыс орнын құру бойынша батыл мақсат қойылды. 

"Сонымен қатар, мемлекеттік жұмыспен қамту  бағдарламасы аудитінің қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палатаның бағалауына сәйкес, түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылатын жұмыс орындарының көбісі уақытша екені анықталды. Мысалы, "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері"  ұлттық жобасы аясында ашылған  1,5 мың жұмыс орнының 90 пайызы уақытша,   ал "2021-2025 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту" жобасы бойынша 67 мың жұмыс орнының 81 пайызы маусымдық болып табылады. Тұтастай алғанда, жаңа жұмыс орындарының 87%-ы негізінен төмен және орташа өнім беретін секторларда құрылады әрі олар да уақытша сипатқа ие. Өзіміз көріп отырғанымыздай,  Қазақстанда бейресми экономиканың  жоғары үлесі  және халықтың мемлекеттік қолдауға тәуелділігінің өсуі сақталуда", - деді Дания Еспаева Мәжілісте өткен "Қазақстан еңбек нарығын дамыту және кадрлық әлеуетін нығайту" тақырыбындағы Үкімет сағатында.

Депутат бүгінде жастардың жұмыссыздығы ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселе екенін жасырмады.

"Бұл проблема еңбек нарығына  жастардың жыл сайынғы 300 мыңнан астам болжамды ағыны есебінен қиындайтын болады. Проблемалар білім беру жүйесінен еңбек нарығына көшу сатысында басталады, мұнда жастар білім беру арқылы не өз дағдыларын жетілдіре алмайды, не жұмысқа орналасу арқылы тәжірибе де жинай алмайды. Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру үшін мемлекет жыл сайын жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін оқу үшін гранттар береді. Биыл жоғарғы оқу орындары шамамен 74 мың,  ал колледждер 143 мың жаңа студентті қабылдады", - деп жалғастырды ол.

Оның сөзінше, оқуды аяқтағандардың барлығын жұмысқа орналастыру үлкен алаңдаушылық туғызады. 

"Айталық, 2023 жылы мамандығы бойынша колледж түлектерінің 40%-ы жұмысқа орналастырылды. Бұл ретте, өкінішке қарай,  мемлекеттік органдар жоғары оқу орындарының барлық түлегінің жұмысқа орналасуының  нақты жағдайымен таныс емес. Бұл түлектердің жұмыссыздар қатарын толықтыруына немесе кез келген жерде жұмыс істей беруіне алып келеді. Олардың бір бөлігі мемлекеттік қолдауға қайта жүгінуге мәжбүр, оған тағы да бюджет қаражаты жұмсалады", - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу