Университеттер барлық студентті жатақханамен қамтуға міндетті

339

Тиісті талап орындалмаса, бұл өрескел құқық бұзушылық болып танылады.

Университеттер барлық студентті жатақханамен қамтуға міндетті Фото: azattyq-ruhy.kz

Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жасыратыны жоқ, жатақханалардың ішінде 60-жылдары салынған ескі жатақханалар да бар. Жалпы Үкімет тарапынан нақты іс-шаралар жасалынып, жастарды жатақханамен қамту мәселесін жүйелі түрде шешу мақсатында кешенді жұмыстар жасалынуда. Бірінші кезекте нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізілген болатын. Барлық ЖОО қабылдаған студенттерді міндетті түрде жатақханамен қамтамасыз ету талабы. Бұл жалпы білім беру қызметін жүргізетін лицензиялық талап болып енгізілді. Яғни, студент грантта оқи ма, ақылы негізде оқи ма – барлық жағдайда студентті университет жатақханамен қабылдауға міндетті. Бұл талап орындалмаған жағдайда, бұл өрескел құқық бұзушылық болып танылып, университеттерге лицензиялық талаптардың орындалуының қаншалықты деңгейде жүргізілгендігі туралы сұрақ туындайды. Бүгінде бұл талапты барлық университет біледі, себебі бұл тек қана ауызша айтылып отырған талап емес", - деді Ақерке Абылайхан.

Министрлік өкілі бұл заң жүзінде ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен бекітілген арнайы лицензиялық талап екенін жеткізді.

Сөзінше, бүгінде ЖОО-ларға құжаттарды қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады. 

"Сондықтан сіздерге бүгінгі жатақхана тапшылығының нақты санын айта алмаймын. Себебі студент грантқа түсе ме, ақылы түрде оқуға қабылдана ма – барлық студентті университет жатақханамен қамтуға міндетті болғандықтан, нақты санды 25 тамыз күні айта аламыз", - деді спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу