Үнзила Шапақ ауылдардағы өртке қарсы қызметтерді күшейтуді ұсынды

345

Депутат келтірген деректерге сәйкес, былтыр республиканың 5814 ауылында өрт болған. 

Үнзила Шапақ ауылдардағы өртке қарсы қызметтерді күшейтуді ұсынды Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ ауылдардағы өртке қарсы қызметтерді жарақтандыру мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ауылды жердегі халықтың бірінші талабы – ауылда өрт бола қалған жағдайда, оны сөндіретін ешқандай арнайы техника жоқ. Аудан орталығынан көмек келіп, жеткенше өртенген нысанның күлі де қалмайды. Яғни, ауылдық округтерде өрттен қорғанатын ешқандай мүмкіндік жоқ. Керісінше, бұл мәселе үлкен қалалар мен қала типтес орталықтарда жақсы шешімін тапқан. Яғни, бұл қала тұрғандары өрт қауіпсіздігінен қорғалып, ал ауыл адамдары өртене берсін деген ниет емес шығар. Бәріміз бір елдің азаматы, бір мемлекеттің тұрғындарымыз, заң ортақ, сөйте тұра ауыл тұрғындарының қауіпсіздік құқығын шектеуге ешқандай негіз жоқ", – деді депутат Үнзила Шапақ Мәжілістің жалпы отырысында.

Халық қалаулысының дерегінше, былтыр республика көлемінде 11 805 өрт оқиғасы, оның ішінде 5991-і қалалық елдімекендерде, ал 5814-і ауылдық жерлерде болған. Салдарынан 375 адам көз жұмды.

"Қазіргі таңда, еліміз бойынша 29 шағын қала-кент, 6 293 ауыл бар. Ауылдық елді мекендерді өрттен қорғауды 231 өрт сөндіру депосы, 705 өрт сөндіру бекеті және 209 ерікті өртке қарсы құралымдар қамтамасыз етеді. Бір өрт сөндіру депосына және бекетіне бір-бірінен алшақ орналасқан бірнеше елді мекендер қарайды. Өрт сөндірушілер жоспарланған 20 минут ішінде бақылаудағы елді мекендерге қалай да жете алмайды. Мысалы, 2023 жылы болған 719 жағдайда өрт сөндірушілер тиісті нысанға жету үшін кемі бір сағат уақытын жолға жұмсаған. Нәтижесі – қайғылы оқиға", – деп жалғастырды мәжілісмен.

Үнзила Шапақ республикада аяқталмай жатқан өрт сөндіру деполарының құрылысын жедел аяқтауды сұрап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу