ҰОК комиссиясы спорт базаларын тексеріп жатыр

551

 ҰОК комиссиясы спорт базаларын тексеріп жатыр

Қазақстандық спортшылар сапалы дайындалуға толығымен мүмкіндік беретін базаларда ғана жаттығатын болады, деп хабарлайды olympic.kz.

Олимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстан ұлттық құрамалары спортшылардың дайындалуына толық мүмкіндік қарастырылған, қажетті талаптарға жауап беретін аккредиттелген спорт базаларында ғана жаттығатын болады.

Қазақстан ҰОК жыл басынан бері ұлттық құрама командалардың жаттығу кезеңдері өтетін орындарды анықтады. Қазақстан ҰОК спорт дирекциясы жанынан арнайы қызмет құрылып, қызметкерлер құрама командалар жаттығу жиындарын өткізетін базаларды тексеру үшін Қазақстан аймақтарын аралап шыққан болатын. Бүгінге дейін 23 спорт базасы аккредитациядан өтті. Аккредитациялау туралы шешімді ҰОК комиссиясы қабылдайды.

"Барлығы да өз базаларында олимпиадашы спортшылардың жаттыққанын қалайды. Алайда, база белгілі бір стандаттарға жауап беру керек. Біз мұны жаттығу базаларының сапасын бақылау үшін істеп отырмыз. Өкінішке қарай, ең ірі деген спорт базаларында да күрмеуі шешілмеген мәселелер табылады. Біз оларды тез арада шешуге уақыт берудеміз. Қазіргі таңда 23 спорт базасы аккредитациядан өтті, шамамен осынша базаны комиссия тексеріп жатыр. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаев спортшылардың тұрмыстық жағдай мен жаттығу талаптарына алаң болмай, тек қана спорттық нәтижені жақсарту жолында дайындалу керектігін үнемі ескертеді.  Құрама командаларды сапалы жаттығу өткізетін базалармен қамтамасыз ету біздің алдымызда тұрған басты мәселелердің бірі", - дейді ҰОК бас хатшысының орынбасары Елдос Рамазанов.

Қазақстан ҰОК бас хатшысы орынбасарының айтуынша, аккредитациядан өткен спорт базаларының басшылары қызмет сапасын төмендетпей, спортшыларға қажетті жағдай жасау үшін үнемі ізденісте болуға тиіс.

ҰОК қызметкерлері Алматы, Жамбыл, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы спорттық базаларды тексеруден өткізді.

Ел аумағындағы мамандандырылған спорттық базалар тізімін жасақтау жөніндегі комиссия жұмысы аяқталуға жақын. Комиссия жұмысының келесі кезеңі – ел аумағынан тыс жерлердегі спорттық нысандардың жұмысын салыстыру.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу