Бүгін 22 тамызда ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті және ҚР Ұлттық Паралимпиада комитеті арасында Токио-2020 Олимпиада ойындары мен Токио-2020 Паралимпиада ойындары қарсаңында және оның барысында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды деп хабарлайды Olympic.kz.
Меморандумға вице-министр Нұргүл Мауберлинова, ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков, ҚР Ұлттық Паралимпиадалық комитеті атқарушы директоры Ерлан Сүлейменов қол қойды.
Меморандум аясындағы ынтымақтастықтың мақсаты – Токио-2020 Олимпиадасы мен Токио-2020 Паралимпиада ойындарының қарсаңында және барысында Олимпиадалық және Паралимпиадалық қозғалыс қағидаттарын кеңінен насихаттау, Қазақстан Республикасындағы жоғары жетістіктер мен бұқаралық спорт түрлерін дамыту.
"Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне Қазақстандағы паралимпиадалық қозғалысты халық арасында кеңірек танытып, параспортшыларымыздың биік жетістіктерімен бөлісіп, таныту мүмкіндігі үшін үлкен алғыс білдіреміз. Мұндай бірлескен жоба алғаш рет жүзеге асырылуда және осындай дәрежедегі жобаға Ұлттық Паралимпиадалық комитеттің шақырылғанына қуаныштымыз",-дейді "Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиадалық комитеті" қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ерлан Сүлейменов.