Euronews басылымының дерегі бойынша, америкалық өндірістік Dow Jones индексі 1031,61 пунктке қысқарған. Бұған инвесторлардың коронавирус эпидемиясы дендеп кетеді деген күдігі түрткі болып отыр. 24 ақпанда Нью-Йорк қор биржасындағы сауда соңғы екі жылдағы ең төмен көрсеткішке төмендеп кеткен. Индекс осы жылдың басынан бастап жинағандарының барлығын жоғалтып алған.
Сонымен қатар басқа да негізгі америкалық индекстер айтарлықтай қысқарған. Олардың қатарында S&P 500 пен Nasdaq деп аталатын электронды қор индексі бар.
Әсіресе Нью-Йоркте саудаланатын Delta, American Airlines және United Airlines әуе компанияларының акциялары Қытайға бағытталған рейстерінің күрт азаюына байланысты құнын жоғалтып отыр. Сонымен қатар Apple және Nvidia сияқты өндіріс орындары Қытайда орналасқан америкалық компаниялардың акцияларына да эпидемия кері әсерін тигізді.
Табиғат Нұрболат