9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға жергілікті бюджеттен және демеушілер есебінен жалпы көлемі 2,7 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған, деп хабарлайды 24.kz.
Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан облысында тұратын әрбір ардагерге 500 мың теңгеден біржолғы сыйақы беріледі. Ал қалған өңірлер бойынша ақшалай төлем мөлшері жергілікті әкімдіктердің шешіміне байланысты 100-250 мың теңге аралығында реттеледі. Бұл туралы бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова хабарлады.
"Астана қаласында соғысқа қатысушылар мен мүгедектер арасынан 2017 жылы 5 адам коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ұлы Отан соғыс ардагерлеріне медициналық көмек республикалық деңгейде, сондай-ақ аумақтық деңгейде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемнің шеңберінде тегін көрсетіледі", - дейді Светлана Жақыпова.
Айта кетейік, бүгінде елімізде 2 067 соғыс ардагері бар. Ал оларға теңестірілген мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 40 мыңға жуықтайды. Ал тыл еңбеккерлерінің саны 140 мыңнан асады.