Соңғы 5 жылда Қазақстанда мал ұрлығының саны 64%-ға азайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Алматы облысында криминалдық полиция қызметкерлері жайылымда жүрген ірі қара малды ұрлаған үш адамнан құралған қылмыстық топты ұстады. Бүгінде аталған топтың жергілікті тұрғындарға тиесілі 30-дан астам сиырды ұрлағаны дәлелденді. Белгілі болғандай, ұсталғандардың бірі Volkswagen жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеген. Күдіктілер әр екі-үш күн сайын мал ұрлап, оны сойып, етін Алматы қаласының базарларында сатқан", – делінген ІІМ таратқан хабарламада.
Павлодар облысында да полиция қызметкерлері 3 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады. Олар 2023 жылғы желтоқсаннан бастап бүгінге дейін Екібастұз ауданы аумағында жылқыларды ұрлаған.
Тергеу барысында күдіктілердің бірі ауыл шаруашылығы серіктестігінде жылқышы болып жұмыс істеп, соңғы 2 жыл ішінде 70-тен астам жылқыны ұрлағаны анықталды.
Мал ұрлығымен күрес – полиция қызметінің басым бағыттарының бірі. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, соңғы 5 жылда мал ұрлығы қылмыстарының саны 64%-ға азайған.
Жыл басынан бері 188 мал ұрлығы фактісі бойынша қылмыскерлер ұсталып, 41 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Ұрланған 1134 мал басы заңды иелеріне қайтарылды.
Ішкі істер министрлігі қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұсынады:
- қораларды бекітіп, малды қараусыз қалдырмау керек;
- асылтұқымды малды бақылауға алу мақсатында GPS-трекерлерді орнату сияқты заманауи тәсілдерді кеңінен қолдану қажет;
- малды үнемі есепке алып отыру, чиптеу, сырғалау және ен салу керек.