Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Бас прокурорларының жиырмасыншы отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл ШЫҰ-ның негізгі міндеттерінің бірі саналады. Оны шешу өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді", – делінген мемлекет басшысының құттықтауында.
Мерейтойлық отырыстың күн тәртібіне заңсыз шығарылған қаржы қаражатын қайтару бойынша тәжірибе алмасу мәселесі енгізілді.
"ШЫҰ аясында өзара тиімді әріптестіктің зор әлеуетін толыққанды пайдалану көп жағдайда трансұлттық экономикалық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі бірлескен күш-жігердің тиімділігіне байланысты екені анық. Бүгін нәтижелі пікір алмасу өтіп, осы бағыттағы жаңа тәсілдер әзірленетін болады деп сенемін. Отырысқа қатысушыларға қойылған міндеттерді шешуде табыс тілеймін", – деген екен Қасым-Жомарт Тоқаев.