Ұрланған көлік иелері "темір тұлпарының" тіркеуде бар-жоқтығына қарамастан, салық төлеуден босатылады, деп хабарлайды Бақ.kz.
Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленовтың айтуынша, жоғалған мемлекеттік нөмірдің екінші нұсқасы үшін төленетін баж салығының құны екі есеге төмендетілді.
Руслан Дәленов 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексінің нормаларына тоқталды. Оның айтуынша, құжат құрылымы толық жаңартылып, экономика үшін жаңа бөлімдер пайда болған. Атап айтқанда, Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына қайшы келетін жеңілдіктер алынып тасталды. Геологиялық барлауға инвестиция тарту бағытына басымдық берілді.
Сонымен қатар, бұдан былай жылжымайтын мүлік пен жер телімі салықтарын жыл соңында төлеу керек. Ал өткен жылғы салықтарды төлеу биыл қазан айына дейін ұзартылды.
Әлеуметтік салаға да бірқатар өзгеріс енгізілді. Тастанды балаларды асырап алушы отбасылар жылдық табысы шегінде табыс салығынан босатылады.