– 47 жастағы қаскөйлердің алты ұрлығының үшеуі қаланың Алатау ауданында орналасқан базарлардың бірінің автотұрағында жасалған. Бір оқиғада күдіктілер Toyota Camry автокөлігін қолда бар құралдармен ашып, сол жерден 1 миллион 200 мың теңге, ноутбук пен көлік иесінің ұялы телефонын ұрлап кеткен. Күдіктілер Наурызбай ауданындағы жеке секторда тағы екі ұрлық жасаған. Жеңіл ақшаны жақсы көретіндер күндізгі уақытта жүрген. Өтіп бара жатқан адамдардың назарын аудармауға тырысқан. Дегенмен, кейбір қылмыстық эпизодтар назардан тыс қалмады. Олар бейнебақылау жүйесіне түсіп қалған, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.
Полиция департаменті хабарлағандай күдіктілердің бірі – тәжірибелі ұры. Соңғы рет ол аса ірі көлемдегі ұрлық және қару ұрлығы үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Қылмыстың тағы бір сыбайласы – Өзбекстанның тумасы, ол да бұрын бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін сотты болған. Екі айыпталушы да қамауға алынды. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр.