Ұрылар апаттық үйдің түгін қоймай тонап жатыр

Бұған пәтер иелері алаңдаулы.  

Ұрылар апаттық үйдің түгін қоймай тонап жатыр Фото: бейнеден скриншот

Өткен жылдың күзінде Павлодар қаласындағы көпқабатты үйлердің бірі апаттық жағдайда деп танылып, оның тұрғындарына жалдамалы пәтерлерге көшуге тура келген еді. Баспананың босағаны сол еді, ол ұрылардың оңай олжасына айналды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

1990-ыншы жылдары салынған Центральная көшесі, 6 мекенжайындағы тұрғын үйдің қабырғалары былтырдан бастап сөгіле бастады. Әуелі қабырғаларда жарық пайда болды. Кейін кәдімгідей пәтер ішінен дала көрінетіндей жағдайға жетті. Сондықтан қыркүйек айында баспананы апаттық деп танып, бір айдың ішінде тұрғындарды жалдамалы үйлерге көшірді. Оның ақысын мемлекеттің өзі өтейді. Ал көпқабатты тұрғын үйдің есік-терезелері бекітіліп, тор қойылды. 

Бірақ мұндай шаралар қолының сұғы бар адамдарға еш тосқауыл бола алмады. Полиция өкілдері апаттық баспананы бақылауға алуға тиіс болғанымен, ұрылар айласын асырып үлгерді. Пәтерлер түгілі жертөлелердегі құбырлардың өздері металл қабылдау орындарының "тауарына" айналды. 

Аталмыш үйдегі пәтер иесі Константин Шаминнің сөзінше, құбырлардан бөлек өзге де желілер қолды болған. Кейбірін кесіп, далада тастап кеткен. Сол сияқты зейнеткер Валентина Осинская пәтерлеріндегі жылу батареяларын әлдекімдердің шешіп, ұрлап әкеткенін алға тартады. Мұның барлығы пәтерлерді бағалау кезінде кері әсер тигізетіні анық. 

"Біз көшкен соң жағдай одан әрі ушықты. Әу баста баспана толығымен күзетіледі, еш уайым болмасын делінген еді. Алайда тұрғындардың көп мүлкі қолды болды. Жылу батареялары жарылып, жиһаздарды бүлдірді. Есік, терезелер дәнекерленсе де ұрылар қарап қалып жатқан жоқ. Ал бұл пәтерлер әлі бағалаудан өтіп үлгермеді. Яғни, әкімдік үйдің жағдайын бағалап, соған сәйкес сомасын белгілейді. Бұлай жалғаса берсе баспанамыз су тегінге бағаланатын түрі бар", - дейді тағы бір тұрғын Ильяс Сенич. 

Өз кезегінде облыстық полиция департаменті жылу батареяларын қолды еткендер анықталып, ұсталғанын хабарлады. Бірақ өзгелері олардың "ісін" жалғастырмасына кім кепіл? Бұл үй сүріліп, оның орнында бой көтеретін шағын ауданының егжей-тегжейлі жоспары дайындалғанға дейін пәтерлердің ішінде түк қалмауы да ықтимал. Сондықтан олардың иелері әкімдік пен полиция қызметінен бақылауды күшейтуді сұрап отыр. 

Айта кетейік, осы көпқабатты тұрғын үйге іргелес орналасқан екі бірнеше қабатты баспана да апаттық деп танылып, оның тұрғындары көп ұзамай көшірілуі мүмкін. Көршілердің шарасыз күйге түскенін көрген олардың басқа пана іздеуге, пәтерлерін қараусыз қалдыруға құлқы жоқ. Бірақ одан басқа амал болмай тұр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу