Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова сынып чаттарындағы қарым-қатынас этикасы мен мұғалімдердің жеке уақытын құрметтеуге қатысты ұстанымын білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Негізінен (ред. – сабақтан тыс уақытта) ондай мазалайтын ата-аналарға айыппұл қарастырылмаған, ондай ойымыз да жоқ. Бірақ кешегі үндеуімде айтқанымдай, ата-аналарды бір мезгіл ұстаздарымыздың орнына өздерін қойып, олардың жүктемесін, функционалдық міндеттерін, балалардың білім алудағы игілікті жұмысына көңіл аударғым келді. Меніңше, бұл өте өзекті. Өйткені орта есеппен күніне мұғалім кем дегенде 6 сағат аудиторлық сағат жұмыс жүргізеді. Егер бастауышты қарайтын болсақ, ол жақтағы жүктеме одан да көп", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Әрине, сабақ біткеннен кейін кейде ата-аналардың өте маңызды, шұғыл сұраныстары болуы мүмкін, деп атап өтті министр.
"Ол кезде ұстаздар міндетті түрде ата-аналарға хабарласып, мәселенің шешіміне атсалысатын болады. Бірақ кез келген ұсақ-түйек мәселемен біздің ұстаздарымызды мазаламаса екен деген бір қоғамдық этиканың жаңа нормасы туралы ұсынысым болды. Біздің ұстаздарымыздың жеке өмірі бар, күнделікті жұмыс уақыты бар. Одан бөлек олар келесі күнге дайындалып келуі керек. Биыл 4,1 миллион бала мектепте білім алады. Оның ішінде сегіз миллионға жуық ата-ана бар, ал ұстаздар қоғамдастығы – 420 мың. (...) Біз ортақ регламенттегі уақытқа байланысты қандай мәселемен жедел түрде хабарласуымыз қажет, қандай мәселені келесі күнге қалдыруымыз қажет дегеннің ортақ ұстанымдарын әзірлеп, бірлесіп шешеміз деп ойлаймын", – деді Оқу-ағарту министрі.
Айта кету керек, бұған дейін Жұлдыз Сүлейменова оқушылардың мектептегі сыртқы келбетіне қатысты пікір білдіргенін жазғанбыз.