Атырау облысында қоғамдық резонанс тудырған жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот шешімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2023 жылғы 21 тамызда "Атырау – Астрахань" автожолында жүргізушінің жол жүрісі қағидаларын бұзуы салдарынан жол апаты болып, үш адам қаза тапқан. Сонымен қатар бірнеше адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алған.
Аталған іс бойынша тергеу аяқталғаннан кейін материалдар 2024 жылы сотқа жолданған. Алайда сот шешімдері жоғары тұрған сот инстанцияларында бірнеше рет қайта қаралып, жойылғандықтан, кінәлі тұлғаны жауапкершілікке тарту ұзақ уақытқа созылды.
Істі қайта қарау нәтижесінде 2026 жылғы 23 ақпанда мемлекеттік айыптаушылардың қатысуымен заңды әрі әділ шешім қабылданды. Сот үкімімен жүргізуші ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
2026 жылғы 4 маусымда Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Прокуратура мәліметінше, ағымдағы жылдың бес айында соттар жол жүрісі қағидаларын бұзуға байланысты 28 қылмыстық істі қарап, оның нәтижесінде 18 адам нақты бас бостандығынан айыру жазасына сотталған.
Прокуратура жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік талаптарын сақтауға және көлік жүргізу кезінде барынша жауапкершілік танытуға шақырды.