"Біз әкеммен үш ай ғана жақын араластық" : Тәуекел Мүсілім әкесі жайлы алғаш рет ашық айтты

2096

Танымал актердің бала кезінде ата-анасы ажырасып кеткен. 

"Біз әкеммен үш ай ғана жақын араластық" : Тәуекел Мүсілім әкесі жайлы алғаш рет ашық айтты Фото: instagram.com/mussilim/

Белгілі актер Тәуекел Мүсілім алғаш рет әкесі туралы ашық айтты. Бұл туралы inbusiness.kz сайты “Мотивациялық подкаст” жобасына сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетсек, жақында талантты өнер иесі жанұясымен Америкадан елге оралды.

"Әкем тірі кезінде көзін көрген кісілер кездесіп қалып жатады. Сол кезде "сенің әкең батыр болған" деп мақтап қояды. Әкем мықты азамат болған. Ол кісімен көп араласа алмадым. Өйткені, бала кезімізде ата-анамыз ажырасып кетті. Мен анамның қолында Алматыда қалдым, ол кісі Шымкентте. Әкеммен қатты араласқан үш ай ғана. ...Жалпы екінші әйелінен бес бала бар, үш ұл және екі қыз", – дейді Тәуекел Мүсілім.

Сонымен қатар, актер аз уақыт болса да әке ақылын естіп үлгергенін де жасырмай жүр.

"Тәуекел деген атымды әкем қойған. Әке тәрбиесін көрмей өскендіктен, ол кісі туралы мардымды ештеңе айта алмаймын. Анам біздің араласуымызға қарсы болған жоқ. Әлі күнге дейін енесінің алдын кесіп өтпей, сәлемін салады. Тоғызыншы сыныпта әкеммен үш айдай бірге жүрдім.  Әкем спортқа жақын еді. Поэзияны, өнерді сүйетін. Кез келген отырысты жандырып жіберетін. Маған үнемі "Оқы, келер заман – білімділердің уақыты" дейтін. Расында, қазір – білектің емес, білімнің заманы. Ол кісіге ұқсаймын деп айта алмаймын. Кейде өз ойымды жасырып, үндемей қалатын жасықтау мінезім бар. Әкемнің қолында өскен болсам, мінезім басқаша болар ма еді. Бірақ ішімде бір қайсарлық бар екенін сеземін. Әкемнің көзін көрген жұрт "Бұл  – Сабырдың ұлы ғой, тектінің көзі" деп жатады. Әке атына лайық болсам деймін", – деп түсіндірді өнер иесі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу