Үш апта ішінде 96 мың талапкер қаңтар ҰБТ-сын тапсырды

353

Оның ішінде талапкерлердің 77,4% – қазақ тілінде, 22,5%  – орыс тілінде, 57 талапкер ағылшын тілінде тестілеуден өтті.  

Үш апта ішінде 96 мың талапкер қаңтар ҰБТ-сын тапсырды Фото: qmonitor.kz

Қаңтар айындағы ҰБТ басталғаннан бері 96 мыңға жуық адам тест тапсырды.

ҰБТ басталғалы шекті балды 77% - ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 68 балды құрады.

Тестке қатысушылардың басым бөлігі "Биология-Химия" комбинацияларын таңдаған, нақтысында, 18%-ы тапсырды. "Математика-Физика" пәндерін 17% таңдаған. Сондай-ақ, топ-3 қатарына талапкерлердің 12% таңдаған "Математика-Информатика" комбинациясы кірді. Ең аз таңдалған комбинация – "Химия-Физика", оны 108 адам тапсырған.

"Үш аптаның қорытындысы бойынша ең жоғары балл – 136. Жалпы, еліміз бойынша 56 тестке қатысушы 130 балдан жоғары жинады. Айта кетейік, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады", - деп атап өтті ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға үш аптада 242 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.

Бүгінгі таңда 118 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 79 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 39 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу