"Үш балам мен ата-анамды асырап отырмын": Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін ұрған жігіт сотта сөйледі

2538

Сот процесі онлайн өтті. 

"Үш балам мен ата-анамды асырап отырмын": Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін ұрған жігіт сотта сөйледі Фото: коллаж inbusiness.kz

Дакебаевқа Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-тармағы 5-тармақшасы, яғни бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру бойынша айып тағылды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Сот отырысында жәбірленушінің адвокаты жедел жәрдем жүргізушісінің ауыр жарақат алғанын айтып, қосымша сот-медициналық сараптама тағайындауды сұрады.

Адвокат жәбірленушіге 30 күн ішінде кезек-кезек екі ота жасалғанын атап өтті.

“Сотталушы оқиға орнында фельдшердің болғанына қарамастан, жұдырықпен бетінен, басынан кезек-кезек үш рет ұрған. Кейін оң қолын жұдырықтап, сол жақ қабырғасынан ұрған. Осылайша ол заңсыз әрекеттерімен қоғамдағы адамдар арасындағы қалыптасқан қарым-қатынас жүйесін, нормативтік актілермен және моральдық нормалармен анықталған мінез-құлық ережелерін бұза отырып, қоғамдық тәртіпті бұзды”, – деді мемлекеттік айыптаушы.

Жәбірленуші ауруханада жатқанда сотталушының ағасы жеміс-жидек алып келіп, інісі үшін кешірім сұрағанын айтты.

Сот отырысы кезінде айыпталушы балағат сөз айтпағанын, жәбірленушінің өзі келіп, дау шығарғанын айтты.

Оның айтуынша, ол жанжалдан кейін досының гаражына барғанын, кейін Қарағандыдан 200 шақырым жердегі қыстауға кетіп қалған. Араға бірнеше күн салып болған жағдайды түсіну үшін қалаға оралуды ұйғарған.

“Өзім-өзім ұстай алмағаным үшін өкінемін. Қылмысты аффект күйде жасадым. Менің кешірулеріңізді сұраймын. 5 миллион теңге көлеміндегі моральдық өтемақы мен үшін тым көп. Мен үш балам мен ата-анамды асырап отырмын”, – деді Нұрболат Дәкебаев.

17 маусымда өткен сот отырысында сотталушының адвокаты Нұрболат Дәкебаев жәбірленушінің әлеуметтік желідегі жеке парақшаларындағы бейнежазбаларды қылмыстық іс материалдарына қосып, сотта қарауды сұраған еді. Қорғаушының айтуынша, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Төреғали Берікқалиұлы өзі жанжал шығарып, қаралым санын көбейту үшін видеоны өзі әлеуметтік желіде жариялаған.

Жәбірленушінің айтуынша, ол Instagram және TikTok парақшасын төрт жыл бойы жүргізіп келеді.

“Мен блогер емеспін. Тек күнделікті өмірім жайлы айтып отырамын. Оқиғадан соң бір аптадан кейін өзіме келе бастадым. Екінші операция бір айдан кейін, ақпанның аяғында болды, бірақ оған дейін мен өзімді жақсы нашар сезіндім. Сау адам оқырман жинау үшін денсаулығын құртпайды. Видеоны кім салғанын білмеймін. Осы уақытқа дейін осы туралы сауалға жауап бермедім. “Білмеймін” деп келдім. Бірақ соны пайдаланып оқырман жинап алуыма болар еді. Келесі күні видеоның бүкіл Қазақстанға тарағанын білдім. Мені ұрып жатқан видеоны өзім таратып жібергенім ерсі болмай ма”, – дейді Төреғали Берікқалиұлы.

Нұрболат Дәкебаев сотта өз кінәсін мойындады, алайда азаматтық талаптың сомасымен келіспейтінін жеткізді.

Айта кетсек, Қарағандыда ер адамның жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққаны туралы жазған едік. Кейіннен күдікті ұсталып, екі айға қамауға алынған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу