"Үш құрбым күресіп жатыр": Ләйлә Сұлтанқызы алаңдаушылық білдірді

2040

Танымал журналист Ләйлә Сұлтанқызы сүт безі қатерлі ісігінің белең алып тұрғанына алаңдады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Үш құрбым күресіп жатыр": Ләйлә Сұлтанқызы алаңдаушылық білдірді Фото: @sultankyzy

Журналистің мәліметінше, бүгінде жас қыздар да сүт безінің қатерлі ісігі дертіне шалдыққан.

“Қазір менің жақын үш құрбым обырмен (рак) күресіп жатыр. Олардың жағдайын, ішкі сезімін айтып жеткізе алмаспын. Әр секунд қымбат олар үшін… "Балаларымның қызығын көре алмай кетем бе?" деп жылағанда өзің де не істеріңді білмей қаласың. Шарасыздық… Егер дертке дауа ақша, мансап, таныс-тамыр болса, баяғыда-ақ жазылып кетер еді… Қайдам… Елімізде жиі кездесетін обырдан сүт безінің қатерлі ісігі көш бастаса, жатыр мойны обыры – екінші орында. Тек жатыр мойын қатерлі ісігінен жыл сайын 600 қыз келіншек көз жұмады. Бұрын 40-тан асқандар көп ауыратын еді, қазір 16-20 жастағы жас қыздардың арасында да көп”, – деп алаңдады ол.

Сонымен қатар қатерлі ісіктің алдын алатын бір-ақ жол бар екенін де айтып өтті.

“Құлан таза айығып кетуді тек онкомамандар айтар, оның алдын алудың жолы біреу-ақ екен. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де ол – ВАКЦИНА! Әлемнің алпауыт мемлекеттері ертеректе мұны енгізіп, қазір статистикасы азайғанын, азайып жатқанын көрсетті. Қазақстанда күзден бастап, адам паппиломасы вирусына қарсы екпе салдыру басталады. Әрекетті өзімізден бастасақ, әлемді өзгертердей күшіміз бар. Аты жаман аурудан құтылайық!”, – деп сөзін түйіндеді журналист.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу