Су тасқынына байланысты Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар жолы жабылды, деп хабарлайды "Қазақавтожол" РМК баспасөз қызметі.
Шығыс Қазақстан облысында "Семей-Қайнар" жолының 8-166-шақырымы аралығында (27 шақырымын су шайып кеткен) жол жабылды. Осы аралықты көліктер "Семей-Қарауыл" жолы арқылы айналып өтеді.
Қарағанды облысында су тасқынына байланысты "Ақшатау-Ағадыр" жолының 166-шақырымында 750 метр жерді су алып кеткендіктен оның 90-167 шақырымы аралығы жабылды. Бұл тұсты көліктер "Қарағанды-Ақсу-Аюлы-Ағадыр" жолы арқылы айналып өтеді.
Сонымен қатар "Қарағанды-Аягөз-Бұғаз" жолының 141-шақырымындағы тұсын су басып қалды (ені -350 м, тереңдігі – 10-15 см). Су шайып кеткен жолдар:
1. "Жәйрем-Қаражал-Атасу" 120 км;
2. "Жәйрем-Қаражал-Атасу" 151 км + 500 м.
ОҚО-да су тасқынына байланысты "Самара – Шымкент" жолының 2217-2235 км (2229 км) аралығы жабылды. Өйткені Арыс өзеніндегі көпірдің тіректері мен жағасын су шайып кетті. Бұл учаскелерде табиғи апаттың салдарын жою, бекіту жұмысы жүргізіліп жатыр, ескерту белгілері және бағандары орнатылған.