Үш ұстаз көлік мінді

798

Үш ұстаз көлік мінді

Бүгін Оңтүстік Қазақстанда "Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі"  облыстық педагогикалық тамыз конференциясы өтті. Шараға облыс әкімі ЖансейітТүймебаев қатысып, ең алдымен, облыстағы аудан, қалалардағы мектептердің жыл бойғы атқарған жұмыстары мен жетістіктері паш етілген интерактивті тақталы көрмені тамашалады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Саладағы мәселелер жан-жақты талқыланатын жыл сайынғы дәстүрлі шараға ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі, облыстық мәслихат депутаттары мен басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, жалпы білім саласына қатысты құрылымдардың жетекшілері сынды 800-ден астам адам қатысты.

Ең алдымен, конференцияда облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов білім саласындағы жетістіктер мен алда атқарылатын жұмыстар жайын баяндады.

Атап айтқанда, биыл білім саласын қаржыландыруға облыстық бюджеттен 257,6 млрд. теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 19  млрд. теңгеге  артып отыр. Мұнан бөлек, осы жылы 31,2 млрд. теңгеге 79 білім нысанының құрылысы жүргізіліп жатса, оның 29 білім нысаны жыл соңына аяқталып, пайдалануға беріледі.

2016 жылы апатты және үш ауысымды 43 мектеп болған еді. Ағымдағы жылы 20 мектептің құрылысы тапсырылады, ал қалған 23 мектептің құрылысын 2018-2019 жылдары аяқтау жоспары іске аса бастады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары өткен оқу жылымен салыстырғанда 95 бірлікке (жекеменшік – 93 балабақша, 3 шағын орталық) артып, бала бақшаға кезекке тұрған 3-6 жастағы балалар саны 43 мыңнан 28 мыңға азайды.

Жиын барысында сөз алған облыс басшысы өңір педагогтарын жаңа оқу жылымен құттықтап, Елбасының рухани жаңғыру  бағдарламасында айтылған білім саласына қатысты  жүктеген міндеттерге тоқталды.

Тамыз конференциясында білім саласында талай жылдардан бері үлгілі қызмет етіп келе жатқан өңірдегі үш ұстазға – атап айтқанда, Шымкент қаласы, №39 М.Жұмабаев атындағы жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айнұр Дүйсебековаға, Шымкент қаласы, №66 Қазығұрт жалпы орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Жанат Мұсаеваға және Түркістан қаласы, №9 Некрасов атындағы гимназиясының қазақ тілі пәні мұғалімі Венера Батырқұловаға пәтер кілті табысталды. Сонымен қатар, жиында облыс әкімінің Грамотасына 5 падагог ие болса, 8 ұстаз облыс басшысының Алғыс хатын алды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің наградалары аясында 5 мұғалім "Ы.Алтынсарин" төсбелгісін, 5 ұстаз "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісін, 4 сала қызметкерлі "Құрмет грамотасын" және 4 мұғалімге "Алғыс хаты" бұйырды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу