"Екінші стратегиялық бағыт – атаулы әлеуметтік қолдауды күшейту. Ол алдын алу сипатындағы атаулы шараларды және туындаған әлеуметтік тәуекелдердің салдарын жою үшін атаулы көмекті қамтитын болады. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж адамдардың нысаналы контингенті Отбасының цифрлық картасы негізінде айқындалады", – деді министр ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде.
Оның сөзінше, көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға ерекше басымдық берілмек.
"Биылдан бастап бала күтімі бойынша төлемдер кезеңі ұлғайтылды. 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі арнайы жинақтаушы шоттарына аудару көзделген. Сондай-ақ, "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақылардың мөлшерін саралау жоспарланып отыр. Аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін кедейлік шегі медиандық табысқа сүйене отырып айқындалатын болады", - деп атап өтті ол.