Әділет министрлігінің баспасөз қызметі Париж халықаралық сауда палатасының жанындағы төрелік трибунал түріктің Mağdenli Yer Hizmetleri ve Taşıma Anonim Şirketi атты компаниясының Қазақстанға қарсы арызын қабылдамау туралы шешім шығарғанын хабарлады.
"АТМА" Атырау әуежайы және тасымалдау" АҚ құрылтайшыларының бірі - Mağdenli Yer Hizmetleri ve Taşıma Anonim Şirketi осыдан 3 жыл бұрын аяқ астынан бүлініп, Қазақстанға жала жапты. Түрік компаниясының өкілдері Қазақстанды Атырау халықаралық әуежайы арқылы жанармай жеткізу, жүкке және тікұшақтарға қызмет көрсету ісін жүзеге асырды деп айыптап, осы үшін өздері жұмсаған қосымша қаржыны қайтаруды талап етті.
Биыл 4 шілдеде Франция астанасында негізгі тыңдау өтті. Сонда түрік компаниясы Қазақстан оларға 16 млн доллар қарыз екенін айтты.
Мәселенің ақ-қарасын анықтау барысында төрелік трибунал Қазақстанның мерейін үстем етті.
"Қазақстанның мемлекеттік органдары жанармай жеткізу, жүк қызметі және тікұшақтарға қызмет көрсету бойынша қызметтерді экспроприациялау барысында заңға қайшы әрекетке жол берген жоқ, ал қазақстандық сот жүйесі шетелдік инвесторлардың құқығын бұзбай, әділдік қағидаттарына сай әрекет етті", – деді Париж халықаралық сауда палатасының жанындағы төрелік трибунал өкілі.
Осылайша 3 жылға созылған дауға нүкте қойылды. Ал біздің ел түрік компаниясына 16 млн доллар төлемейтін болды.
Төрелік трибунал Қазақстанның түрік компаниясының алдында ешқандай қаржылық міндеттемесі жоқ екенін нақтылады және Қазақстан шетелдік инвестицияларды қорғау бойынша халықаралық міндеттемені толық орындағанын мәлімдеді.
Ақыр аяғында төрелік трибунал сот жұмысын ұйымдастыруға жұмсалған ақша мен төрелік шығындарды өтеуге қажетті 500 мың доллар көлеміндегі ақшаны қазақтарға емес, түріктерге төлету туралы қаулы қабылдады.
Бұл туралы ҚР әділет министрі Марат Бекетаев: "Төрелік трибуналдың шешімі Қазақстан аумағында шетелдік инвесторларды жан-жақты қолдау саясаты бұрынғыша, заң аясында жүргізіліп жатқанын дәлелдейді", – деді.
Қанат Махамбет