"Еңбек демалысына кеткен": Ұшақ апатынан қаза тапқан мұнайшылар белгілі болды

1206

25 желтоқсан күні Ақтау маңында болған ұшақ апаты кезінде 38 адам ажал құшты. 

"Еңбек демалысына кеткен": Ұшақ апатынан қаза тапқан мұнайшылар белгілі болды Фото: ҚазМұнайГаз

Қаза тапқандардың қатарында мұнай саласында еңбек етіп жүрген Бауыржан Жұмағұлов пен Сәндібек Төлесінов бар.

Мұнайшылардың әріптестері марқұмдар туралы естелігін бөлісіп, отбасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап.

Жұмағұлов Бауыржан Жұмабайұлы 1985 жылы дүниеге келген. 2008 жылы "ӨзенМұнайСервис" ЖШС жұмысқа қабылданып, ұңғымаларды күрделі жөндеу бригадасында 4-разрядты бұрғылаушының көмекшісі болып жұмыс істеген. 

"Бауыржан Жұмабайұлы өзін адамгершілік қасиеттері мол, еңбекқор тұлға ретінде көрсетті. Ол кез келген істі түсіністікпен, асқан ыждағаттылықпен, табандылық таныта отырып орындайтын. Ол адал, әділ әрі жүрегі кең адам еді. Досқа адалдығын, жақындарына деген қамқорлығын, қоғам алдындағы жауапкершілігін ешқашан ұмытпаймыз. Жақсылыққа, адами құндылықтарға ұмтылып, адалдықтың үлгісіне айналған абзал жанның жарқын бейнесі оны білетін адамдардың жүрегінде мәңгі сақталады", – деп мәлімдеді "ӨзенМұнайСервис" ЖШС. 

Төлесінов Сәндібек Екібайұлы "Өзенмұнайгаз" компаниясының мердігері "МұнайФилдСервис" ЖШС механика-энергетика бөлімінде инженер болып жұмыс істеген. Яғни, көтергіштегі аспаптарды басқарған. Жаңаөзендік азамат мұнай саласында 16 жыл еңбек еткен. Марқұмның артында әйелі төрт баласы қалды. 

"МұнайФилдСервис" ЖШС бас директоры Нұрлан Белшер әріптесі Сәндібек Төлесіновті сабырлы, жауапкершілігі мол азамат еді деп еске алды. 

"Жақсы жігіт еді. Сабырлы, өз ісін білетін, жұмысына жауапкершілікпен қарап, тыңғылықты орындайтын. Оның артында әйелі мен төрт баласы қалды. Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған еді. Тұңғышы мектеп бітірген, қалған үшеуі мектеп оқиды. Зейнетке шыққан анасымен бірге тұратын. Сәндібек – үйінің кенжесі. Алты ағасы мен әпкелері бар", – дейді Нұрлан Белшер. 

Оның айтуынша, Сәндібек Төлесінов пен әріптесі Бауыржан Жұмағұлов еңбек демалысына шығып, демалуға кеткен. Қазір сараптама жұмыстары жүріп жатқандықтан марқұмның денесі әлі Жаңаөзенге жеткізілген жоқ. Ақтаудағы мәйітхана алдында Сәндібектің екі ағасы бауырының денесін алып кету үшін күтіп жүр.

“ҚазМұнайГаз” компаниясының ұжымы марқұм мұнайшылардың жақындары мен отбасына қайғыра көңіл айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу