Ұшақта балағат сөздер айтқан жолаушыға айыппұл салынды

764

Мәскеу – Алматы әуе рейсінің жолаушысы ұшақта балағат сөздер айтып, полиция қызметкерлеріне бағынбаған, деп хабарлайды inbusiness.kz  Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ұшақта балағат сөздер айтқан жолаушыға айыппұл салынды Фото: Ult.kz

Мәскеу – Алматы бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөліміне жолаушылардың біріне қатысты шара қабылдау туралы “Scat” әуекомпаниясының өкілі шағымданды. 

Компания қызметкерінің айтуынша, ер адам ұшақ бортында өзін дөрекі ұстап, балағат сөздер айтқан және экипаждың талаптарына бағынбаған. 

Көлік полицейлері тексеру кезінде Алматы қаласының 35 жастағы тұрғынын анықтады. Ол сондай-ақ полиция бөлмесіне жеткізу барысында ЖПБ қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған. 

Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық), 566-бабы (Әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу), 667-бабы (Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) бойынша бірден үш әкімшілік хаттама толтырылып, 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. 

Ұсақ бұзақылық пен бағынбау бойынша материал шешім қабылдау үшін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды. 

Еске сала кетсек, осы жылдың наурыз айынан бастап қоғамдық орындарда балағат сөздер айтқаны үшін айыппұл мөлшері 69 мың теңгеге дейін және қамауға алу мерзімі 30 тәулікке дейін ұлғайтылды. Полиция қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау – 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу