Алматы – Орал бағытында ұшатын ұшақта жас жігіт бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат таратқан. Ол видеоны желіге жүктеп, әзілдескісі келіпті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Аталған жағдайға байланысты бортты әуе күзетінің өкілдері кинологтармен бірге келіп тексерген.
Содан кейін жас жігітті ұшақ бортынан түсіріп, алып қалған.
Бейнежазбада оның көзіне жас алып, қапаланғаны анық көрінеді.
ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш оқиғаға байланысты терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау бойынша ҚР ҚК 273-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
"Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабының талаптарына сәйкес жария етуге жатпайды", деп хабарлады ведомстводан.
Аталған бап бойынша айыпты деп танылған адам бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.