Жолаушының заңды өкілі келтірілген зиянды өтеуге ниет білдірген. Әуе компаниясы ол қаражатты қайырымдылыққа жіберетінін айтады, деп жазады inbusiness.kz әуе компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Компанияның мәліметінше, 19 сәуір күні Алматы-Қарағанды бағытындағы FS7121 рейсіне отырғызу кезінде жолаушылардың бірі (2009 жылғы туған) досының сөмкесінде бомба бар екенін айтқан.
Салдарынан рейс тоқтатылып, барлық жолаушылар түсіріліп, ұшақ толық тексерілді. Қажетті процедураларды орындау қажеттілігіне байланысты рейс 2 сағат 44 минутқа кешіктірілген. Алайда ақпарат расталмаған.
Әуе компаниясы қазіргі таңда рейстің кешігуіне және қажетті процедураларды орындауға байланысты қаржылық шығындарды бағалап жатыр.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, әуежайларда және әуе кемелерінің бортына қауіпсіздікке қауіп төндіретін кез келген мәлімдеме жасауға қатаң тыйым салынған.
Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша терроризм туралы жалған хабарлама үшін 5000 айлық есептік көрсеткішке (19,6 млн теңге) дейін айыппұл, сол мөлшерде түзету жұмыстары, 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.