Сенатта өзара сауда және техникалық кедергілерді жою туралы келісім талқыланды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі жоғарғы палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенат депутаттары Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында "Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды талқылады.
Келісім жекелеген шарттар жасасу арқылы үшінші елдермен немесе интеграциялық бірлестіктермен саудадағы техникалық кедергілерді алып тастау тетіктерін көздейді. Құжатта сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу рәсімдерінің бірдейлігі мен міндетті талаптардың салыстырмалылығын сақтау жөніндегі шарттар белгіленген.
Сенаторлардың айтуынша, заң Одаққа мүше мемлекеттердің үшінші елдермен және негізгі интеграциялық бірлестіктермен тауарлар қауіпсіздігі мен тауар айналымын дамыту мүдделерінің теңгерімін сақтай отырып, саудадағы техникалық кедергілерді өзара жоюға арналған тетіктер мен жағдайлар арқылы өзара тиімді ынтымақтастығын арттыруға ықпал етеді.