Ұшақ апатынан кейін, жауаптылар "Азем" аэродромының жұмысын мүлдем тоқтату мәселесін қызу талқылап жатыр. Қазір оқу-жаттығу аумағы уақытша жабылған. Ал әуе апатынан қаза тапқан курсант Айдар Әбішевтің денесі сараптамадан өтіп, ата-анасына тапсырылды. Ұшқыш инструктордың денесін әкесі туған жері Украинаға алып кетпек. Әзірге құжат жағынан сұрақтар шешілмей жатыр екен.
"Бізде Сергей Курченкодан басқа тағы да Ресей мен Прибалтикадан келген ұшқыштар бар. Олар осы уақытқа дейін оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп жүрген. Әуе апаты кезінде ұшақта ақау болмаған. Оған күмән жоқ. Одан кейін, конструкторда да кінә жоқ. Маманды жұмысқа аларда кәсіби біліктілігіне, жұмыс өтіліне қарадық. Осыған дейін академияда мұндай қайғылы жағдай орын алмаған еді", - деді Азаматтық авиация академиясының проректоры Шәміл Берішов.