Қаратал ауданы, Үштөбе қаласының тұрғыны полиция бөліміне 17 жастағы ұлының із-түссіз жоғалғанын хабарлап жүгінген. 7 қараша күні түскен арыздан кейін, полиция тез арада сотқа дейінгі тергеу жоспарын құрып, тәртіп сақшылары іздестіру жұмысын бастайды. Ұйымдастырылған жұмыстарға мектеп мұғалімдері мен еріктілер де атсалысты.
Тексеру нәтижелері Талдықорған қаласындағы бейнебақылау камераларының бірі жасөспірімді түсіріп алғанын анықтайды. Сәйкесінше Талдықорған және Алматы қалаларында іздестіру шараларын ұйымдастыратын бірнеше іздеу топтары құрылыпты. Соңғы бес тәулік бойы үздіксіз іздеу жұмыстары нәтижесінде кәмелетке толмаған баланың Алматы қаласында екенін анықталды. Полицейлер жасөспірімді Үштөбе қаласына алып келеді. Қазір бала ата-анасының қасында.