Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ қызметкерлері кәсіпорынның 10 жылдығына орай тұңғыш рет Усолка өзеніне 10 мың тұқы шабағын жіберді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Зауыттың баспасөз қызметі таратақан ақпаратқа сүйенсек, биыл күзде ҚЭЗ экологтары Қазақстан өзендері мен су қоймаларының биологиялық күйін жақсартуға бағытталған Еуразиялық топтың (ERG) жыл сайынғы акциясына атсалысқан. Сарапшылардың пайымдауынша, қазір тұқы балығын Усолка өзеніне жіберуге өте қолайлы кез.
"Су қоймасына балықты қатты ағысы жоқ тұстан жіберу керек. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, өзеннің ағысы баяу жерінде қорек жақсы сақталады, екіншіден, бұл тұста су жылы болады. Нәтижесінде жас шабақ тез бейімделеді. Ең бастысы, балық бұдан әрі тіршілік ететін су қоймасындағы температура төмендігінен бой суытып қалмаса болғаны", – дейді Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты тірек қосынының меңгерушісі Еркінбек Құматаев.
Қазақстан электролиз зауытының қызметкерлері мен Павлодар облысының балық инспекциясының мамандары бірлесіп суға жіберген балық Қарағандының балық балғынбағында өсірілген асыл тұқымды биылғы шабақтар.
"Бұл – жергілікті су қоймаларда жиі кездесетін әрі бағалы тұқы балығы. Оның үстіне олар өзен-көлге тез жерсінеді. ҚЭЗ 10 жылдығы аясында 10 мың шабақты суға жіберудің өзіндік мәні бар. Біз жыл сайын қала маңындағы өзен-суларда тұқы балығының көбеюіне белсенді атсалысып, өз үлесімізді қосамыз деген ойдамыз", – деді "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Антон Солопекин.