Облыс мектептерінде өткен жиналыс барысында ата-аналар прокуратура ұсынған мәлімет бойынша өңірде "синий кит" және "тихий дом" ойындарына тіркелген жеті бала өзіне-өзі қол жұмсамақ болғаны туралы құлағдар етілген. Десе де, білім беру басқармасында бұл ақпаратты жоққа шығаруда, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Агенттікке белгілі болғандай, Успен ауданы прокуратурасымен ҚР ҚК-нің "Өзіне-өзі қол жұмсау" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Аудан прокуратурасы Константиновка жалпы орта білім беру мектебі оқушыларының 50 пайызы (барлығы 138 бала) "синий кит" және "тихий дом" ойындарына тіркелгенін анықтаған. Кейін әлеуметтік желілердегі профайлдар өшірілген. Успен ауылының мектебінде бұл ойынға үш баланың қатысқаны белгілі болды. 2005 жылы туған баланың қолында балықтың суреті салынған. 2002 жылы туған екі бала прокурорларға ұялы телефондарына егде жастағы әйел адам телефон шалып, тамырларын кеспеген жағдайда ата-аналары ажал құшатынын айтқан. Бұған қоса, туыстары мен ата-аналары туралы мәлімет жіберген. Агенттіктің жолдаған ресми сауалхатына берген жауабында Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Қарамбаев интернет-ойынға қатысы бар балалар туралы мәлімет түспегенін айтады.
"Өңірдегі барлық мектептерге әлеуметтік желілердегі қауіп туғызатын ойындар жайлы ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша ұсыным хат жіберілді. Денсаулық сақтау, құқық қорғау, прокуратура органдары өкілдерінің қатысуымен ата-аналар жиналыстары өткізіліп, балаларының қандай әлеуметтік желілерді және қай уақытта қолданатыны, қандай топтарға жазылғанын бақылауға кеңес берілді. Оқушылардың арасында өзіне-өзі қол жұмсауға бағытталған ойындарға қатысу фактілері анықталған жағдайда білім беру басқармасы ата-ананың әрекет ету алгоритмін құрастырды", – дейді Жомарт Қарамбаев.
Білім беру басқармасының мәліметінше, 2015 жылмен салыстырғанда былтыр Павлодар облысында кәмелет жасына толмаған балалар арасында өзіне-өзі қол жұмсау 24 %-ға төмендеген. Өткен жылы өзіне-өзі қол жұмсау бойынша екі жағдай орын алса, 23 жеткіншек өмірімен қош айтысуға тырысқан. 2015 жылы бес суицид оқиғасы және 28 өз-өзіне қол жұмсау әрекеті тіркелген. Биыл бір бала жарық дүниемен қош айтысқан. Агенттікке белгілі болғандай, ұл бала асылып қалған. Соңынан "Әке, анашым, мен сендердің жақсы көремін" деген хат жазып қалдырған.