Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мұғалімдер күніне орай педагогтерді төл мерекесімен құттықтап, оларға аймақ дамуына, өскелең ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлестері үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мерекелік іс-шарада ардагер ұстаз Әлима Әбдіқалықова Қызылорда облысының Құрметті азаматы атанып, "Орта білім беретін үздік ұйым" облыстық байқауының жеңімпазы Ә.Мүсілімов атындағы № 101 мектеп-лицейге 34 млн теңге табысталды.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында "Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – маңызды міндет" деп ерекше атап өтті. Бүгінгідей өзгерістерге қадам басқан уақытта жас ұрпаққа сапалы білім беріп, тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі ерекше, мәртебесі биік. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында өңірімізде 100 млрд теңгеге 12 300 орындық 21 мектеп салынуда", – деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Сонымен қатар ол "Білімді қолдау қоры"есебінен 7,9 млрд теңгеге физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысы қарқынды жүргізіліп жатиқанын айтты.
"Жаңа оқу жылында Қызылорда қаласындағы 4 іргелі мектептің жанынан қосымша ғимараттар пайдалануға берілсе, "Бәйтерек" шағын ауданы тұрғындары асыға күткен 600 орындық жаңа мектеп бүгін салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне табысталды", – деді облыс әкімі.