Ұстаздар өз бетімен жүр - Қайрат Құдайберген

1229

Кәсіпкер, мәслихат депутаты бүгін өткен оқу-жаттығу жұмыстарына көңілі толмайтынын айтты. 

Ұстаздар өз бетімен жүр - Қайрат Құдайберген

Алматыда тоқсан сайын аудандық және жылына бір жалпықалалық сейсможаттығулар ұйымдастырылып тұрады. Бүгін сағат 12:55-те кезекті "Баршаның назарына!" бірыңғай дабылы соғылды. Төтенше жағдайлар департаменті бұл шараға барша мекемелерді қатысуға шақырды. Алайда желі белсендісі, мәслихат депутаты, кәсіпкер Қайрат Құдайберген жаттығулардың тиісті деңгейде өтпегенін айтты.

 "Әркім өз ісімен айналысып жүр. Біз үшін ең қымбаты – балалар. Ал оларды ешкім үйретпейді. Мен қазір ғана мектептің жанынан өттім. Балалар дабыл қоңырауынан далаға шықты. Ешкім қауіпсіз аймақты белгілемеген. Ұстаздар өз бетімен жүр.  Төтенше жағдай орын алса не болады? Аласапыран болып, балаларымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан осы мәселеге дұрыстап мән берейік", – деді қоғам белсендісі.

Осы орайда Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі кәсіпкердің желіге салған бейне жазбасына жауап берді.

"Мегаполисте 524 бірыңғай дабыл құрылғысы орнатылған. Одан бөлек жапа шеккендерге көмек көрсететін 220 пункті жұмыс істейді. Бұл шара жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Осы жолы жаттығуға қаладағы барлық арнайы қызметтер жұмылдырылды. Оның ішінде: жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі, құтқарушылар және тағы басқалары. ТЖД қала тұрғындары мен қонақтарын сейсможаттығуға белсенді түрде қатысуға шақырады", – деді Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу