Білім министрлігі биыл да жаңа реформа дайындап отыр. Білім де, баға да басқаша болмақ. Жылда өзгерістен шаршаған ұстаздар үкіметке "Ашық хат" дайындап жатыр, деп хабарлайды informburo.kz.
Басқа министрлерді айтпағанда, қазіргі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің өзі айналдырған бір жарым жыл ішінде біршама жаңалықтар енгізді. (Е.Сағадиев 2016 жылдың 10 ақпанында министр лауазымына тағайындалған).
Ата-аналар әлеуметтік желі арқылы 2017-2018 оқу жылында бірнеше сыныптар арасында дәстүрлі күнделіктің қолданыста болмайтынын, сондықтан күнделік алу үшін асықпаңыздар деген ақпарат таратты. Сондай-ақ, ата-аналар биыл біраз сыныптың оқушыларына "5", "4" деген дәстүрлі бағаның қойылмайтынын, қорытынды баға ғана алады деген ақпаратты да әлеуметтік желідегі топтарда қызу талқылап жатыр. Білім және ғылым министрлігі осы тұрғыдағы кей ақпараттың бірін растаса, бірін жоққа шығарды.
Министрлік өзінің ресми жауабында биыл бірнеше сынып жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ алады деп алғашқы өзгеріс туралы айтқан болатын.
"2017-2018 оқу жылында 2, 5, 7 сынып оқушылары жаңартылған білім алу мазмұнына көшеді. Жаңа оқу жылында жазу дәптерлер мен күнделік өз қалпында қалады", – делінген БҒМ-ның ресми жауабында.
Ал, жаңа оқу жылындағы жаңа бағалау жүйесі туралы ата-анадан бізге жеткен ақпарат расталды. Министрлік биылдан бастап оқушылардың білімін критериалды бағалаудың тәртібін бекіткен.
Биылдан бастап қолданылатын жиынтық баға екі факторға тәуелді болады екен. Яғни, біріншісі,оқушы пәннің қандай да бір бөлімін немесе ортақ тақырыпты оқып бітірген соң, бір баға, ал тоқсан аяғында жалпы пәнді игеруіне байланысты екінші баға алады. Білімі балл түрінде және дәстүрлі баға түрінде бағаланады. Ал, жарты жылдық пен жыл соңында оқушыдан сынақ алынады. Осылайша, бір бөлімді игеруіне және тоқсандағы біліміне қатысты балаға 50% де 50% принципі бойынша қорытынды жылдық баға қойылады екен.
"Жоғарғы сыныптарда жаратылыстану бағытындағы химия, биология, информатика және физика пәндері ағылшын тілінде оқытылады. 2017 жыл бойы республика бойынша осы төрт пәннен сабақ беретін 12602 мұғалім тіл курстарына қатысады", – деп хабарланған министрліктің ресми жауабында.