Үстел теннисінен "WTT Contender Almaty" рейтингтік турнирі аяқталды

5455

Дүбірлі жарысқа әлемнің таңдаулы спортшылары жиналып, жеке, жұптық және аралас сында жүлделер жиынтығын сарапқа салды.

Үстел теннисінен "WTT Contender Almaty" рейтингтік турнирі аяқталды Фото: Максим Морозов

Бір аптаға созылған жарыс қортындысы бойынша жүзден жүйрік шыққан спортшылар белгілі болды.

Алматыдағы жарысқа әлемнің 33 мемлекетінен таңдаулы теннисшілер жиналды. Олардың қатарында олимпиада ойындарының жүлдегері, әлем кубогының жеңімпазы Дмитрий Овчаров, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Трулс Морегард және Еуропа ойындарының жүлдегері Алексис Лебрун сынды спортшылар жиналып, көпшілікке өз өнерлерін паш етті.

"Алматыға алғаш келуім. Бұл қала маған қатты ұнады. Турнир жоғары деңгейде өтті. Спорт кешені жаңа үлгіде салынған. Керек жарақпен толық қамтылған. Қазақстан үстел теннис федерациясында кәсіби адамдардың жұмыс істейтіні көрініп тұр. Елге жақсы көңіл күймен аттанамын", - дейді Үстел теннисінен олимпиада ойындарына қатысушы Михай Бобочика.

Байрақты бәсекеде Қазақстанның атынан 21 спортшы додаға түсті. Әлемнің таңдаулы спортшылары жиналған бәсекеде қазақстандық шеберлер аянып қалмады. Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев және Сарвиноз Миркадирова сында спортшыларымыз азулы қарсыластырмен терезесі тең өнер көрсетті.  Ал еліміздің жастары үшін бұл жарыс шеберліктерін шыңдап алуға жақсы мүмкіндік болды.

"Бұл жарысты атап өтетін болсақ. Контендер әлем деңгейіне сай өте керемет нұсқада өтіп жатыр. Біздер ойыншы ретінде ризамыз. Мынадай мықты-мықты елдерден ойыншылар келіп, жеке опыт ретінде көп нәрсе алып жатырмыз. Атап өтетін болсақ, шет елге шығып жүргенде осындай Контендер жарысы мынадай біздің деңгейде ешқандай елде өткізбейді", - дейді үстел теннисінен спорт шебері Дастан Кенжеғұлов.

Еліміздің әлемдік деңгейдегі аламанды қабылдауы бекер емес. Жуырда Бангкокте өткен саммитте халықаралық үстел теннис федерациясы Қазақстанда өтіп жатқан жарыстарға оң бағасын берді. Алдағы уақытта Қазақстанда тағы бірқатар ірі жарыс өткізу жоспарда бар.

"Бұл турнир біріншіден біздің жастарға жақсы мүмкіндік береді. Отандық теннисшілер әлемнің таңдаулы спортшыларымен ойнап, тәжірбие жинайды. Екіншіден Қазақстанды әлем таниды. Елімізде үстел теннисі қарқынды дамып келеді. Жылдан жылға жаңа спортшылар шығып жатыр. Қазақстандық спортшылар халықаралық аренада үздіктер қатарынан орын алуда. Алдағы уақытта халықаралық үстел теннис федерациясы Қазақстанға бұданда үлкен турнирді сеніп тапсырады деп ойламын", - дейді ҚР үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Абулгазин.

Биыл Қазақстан үстел теннис федерациясының құрылғанына 80 жыл толып отыр. Айтулы шараға орай елімізде үстел теннисінің дамуына үлес қосқан ардагерлер мен спорт қайраткерлеріне, көрнекті спортшылар мен демеушілерге арнайы құрмет көрсетілді.

Жарыс нәтиесіне келсек. Жекелей сында ерлер және әйелдер арасынан Қытай елінің атлеттеріне тең келер ешкім болмады. Тек аралас жұптық бәсекеде Корей елінің өкілдері топ жарды.

"Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Жарыс ұйымдастырушыларына алғысым шексіз. Әрине жеңіс оңай келген жоқ. Чемпиондық атақ табан ет маңдай тердің арқасында келеді. Күні түні жаттығудан босамаймыз. Жарысқа жиі барамыз. Осы еңбегімнің арқасында жеңімпаз болдым депп ойлаймын", - дейді үстел теннисінен "WTT Contender Almaty" турнирінің жеңімпазы Куай Мэн.

Айта кетейік, бір апта бойы сынға түсіп, жүзден жүйрік шыққан спортшыларға арнайы дипломдар, рейтингтік ұпайдармен бірге ақшалай сыйақы берілді. Алматыдағы жарыста шеберліктерін шыңдап алған Қазақстан құрамасының спортшылары Корейның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатына аттанды. Жарыстың бірінші күні командалық сынға қатысқан отандық теннисшілер Бангладеш, Непал және Өзбекстан командаларын 3:0 есебімен ұтып, үздіктер санатынан оран алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу