Утильалым есебінен заманауи тұрмыстық қалдық полигондар құрылысын қаржыландыру көзделіп отыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жинақталған проблемаларды жүйелі шешуге бағытталған қалдықтардың барлық түрлерін басқару жөніндегі тұжырымдама әзірленді.
"Экономикалық ынталандырудың болмауы және қалдықты қайта өңдеу инфрақұрылымының қалыс қалуы. Сектордың экономикалық тартымсыз болуының себептері: қатты тұрмыстық қалдық тарифтері нақты шығындарды жаппайды, кәсіпорындар үшін өндірістік қалдықты қайта өңдеуге қарағанда айыппұл төлеу арзан. Қалдықтардың түрі, көлемі және пайдалы фракциялары туралы нақты деректердің жоқтығы инвесторларды тартуды қиындатады, яғни жаңа өндіріс орындарын ашуды шектетеді", – деп атап өтті вице-министр.
Жомарт Әлиев тұжырымдамада ұсынылатын негізгі шешімдерге тоқталды.
"Утильалым есебінен заманауи тұрмыстық қалдық полигондар құрылысын қаржыландыру. Бұндай механимзді біз қайта өңдеу жобалары бойынша бастап кеттік. Тарифтерді әр 3 жыл сайын қайта есептеу және экономикалық негізделген модельге көшу; салықтық преференциялар мен субсидиялар қарастыру; өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері жүйесін жетілдіру", – деді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі.
Тұжырымдаманың тағы да бір жеке бағыты – қалдықты басқару саласында халық пен бизнестің экологиялық мәдениетін арттыру.