Фермерлер ауылшаруашылық техникаларын сатып алуға арналған сертификаттарды пайдалана алмай отыр. Түркістан облысы мен Шымкент тұрғындары "алданып қалдық" дегенді айтады. Автосалондарда олардың сертификаттары қабылданбайды. Бұл туралы "Хабар 24" телеарнасының сюжетінде айтылған.
Бақтияр Исаев Түркістан ауданында мақта өсірді. Егіс науқаны басталар алдында фермер техникасыз қалды. Ол өзінің ескі комбайнын кәдеге жаратуға тапсырды. Жеңілдетілген шарттар бойынша жаңасын сатып алуды жоспарлады.
"Трактор алғым келді. Автосалон енді қабылдамаймыз дейді, енді қайда барамыз? Бізде маусым басталады. Түркістан облысында ерте басталады", – деді фермер Бахтияр Исаев.
Сертификат иелерінің басым көпшілігі Шымкент қаласының тұрғындары. Автоорталықтар сертификаттарды жарамсыз деп таныды.
"Қаңтарда ВАЗ 2106 автокөлігі мен бір трактор тапсырдым. Ақша бірнеше күннен кейін түсуі керек еді. Бірақ үш ай өтті. Қазір көлік те, ақша да жоқ", – деді Сайрам ауданының тұрғыны Шакиржан Юлдашев.
Бұған дейін хабарланғандай, ескі автокөліктерді кәдеге жаратумен айналысатын "Оператор Роп" ЖШС-ның бұрынғы басқарушы директорына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ол 13 млрд теңгеден астам қаржы жымқырды деген күдікке ілінді.
Қазір "Жасыл даму" АҚ мәселені шешуге уәде береді.
"Жақын арада мерзімі өткен сертификаттардың қолданылу мерзімі ұзартылатын болады. Барлық айтылған мәселелер осы айдың соңына дейін шешілетін болады", – деді "Жасыл даму" АҚ бөлім басшысы Талғат Маханов.
Ауыл тұрғындары жауапты тұлғалардың жұмысын жеделдетуді сұрайды, әйтпесе 500-ден астам адам елордаға өтініш жасамақ.