Ұялы байланыс қызметтері күннен күнге қымбаттап жатыр – депутат

263

Былтыр ұялы байланыс қызметтерінің тарифтік жоспарлары 57%-ға дейін қымбаттаған.

Ұялы байланыс қызметтері күннен күнге қымбаттап жатыр – депутат Фото: canva.com

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев ұялы байланыс тарифтері туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ұялы байланыс қызметі тарифінің күннен күнге қымбаттауы халықтың қалтасын қағып, тынысын тарылтып барады. Тарифтер жыл санап емес, ай санап өсіп жатыр. Мәселен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, ұялы байланыс қызметтерінің тарифтік жоспарлары 2023 жылы 57%-ке дейін өскен. Ал 2021-2022 жылдары тарифтердің өсуі орташа алғанда 13-тен 37 %-ке дейін болған. Атап айтсақ, 2023 жылдың сәуірінде Билайн "Яркий" тарифтік жоспарын 1790 теңгеден 2490 теңгеге дейін (өсуі 39%); Кселл мен Теле2 тамыз айынан бастап әртүрлі тарифтік жоспарының өсетінін мәлімдеген. Атап айтқанда, "Реальный безлимит" (Кселл) 3390 теңгеден 4390 теңгеге (өсуі 29 %), "Просто супер" (теле2) 2590 теңгеден 3290 теңгеге (өсуі 27 %) өсті", - деді депутат.

Депутат қолданыстағы заңнамаға сәйкес операторлар байланыс қызметінің тарифтерін өздері қоятынын жеткізді.

"Операторлардың клиентке ескертпестен біржақты тарифтік жоспарды өзгерту, интернет-трафикті ұлғайту, бағасын қымбаттату фактілері жиі кездеседі. Тұтынушылардың шағымын негізінде тиісті министрлік Байланыс қызметін көрсету ережесіне тұтынушылар құқығын қорғау бойынша өзгеріс енгізген. Бірақ ұялы байланыс операторлары мұнымен келіспей, соттасып жүрген көрінеді", - деп жалғастырды ол.

Бұдан басқа ұялы байланыс сапасы сын көтермейді, деді мәжілісмен.

Елнұр Бейсенбаев ұялы байланыс нарығын монополиядан арылту шаралары қолға алынуы керек екенін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу