Ақтөбеде "Туған жерім - нұрлы елім" атты аудан күндері қорытындыланды. Үздік ауданға 10 миллион теңге берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбенің әр ауданы жаз бойы мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырып, қайырымдылық акциясын өткізді. Ақтөбе қаласында көше күндері мен Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта мәдени шаралар ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтарын ән мен биге бөлеген аудан халқы киіз үй тігіп, тарихи жәдігерлер көрмесін жасады. Бір-бірімен жарысқа түскен аудандар бүгін үздіктерін анықтады.
Алдымен мерекелік кеш болып, соңында жеңімпаздар марапатталды. Алғыс хат және 1 миллион теңге сыйақы спорттық шараларды үздік ұйымдастырған Шалқар ауданы, үздік көрме ұсынған Байғанин ауданына берілді. Үздік көше мерекесін ұйымдастырғаны үшін "Тарихи есім - ұрпаққа ұлағат" номинациясы бойынша Ойыл ауданына 1,5 миллион теңге тапсырылды. Мәртөк ауданы да 1,5 миллион теңге алды. Ал ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін үздік ұйымдастырған Темір ауданы болды. Бұл ауданға 2 миллион теңге бұйырды. "Өнерімен өрісті" номинациясын Мұғалжар ауданы иеленді. Ал бас жүлдені Қобда ауданы алды. Ауданға 10 миллион теңгенің сертификаты берілді.