Форум ұйымдастырушылары бұл үрдісті дәстүрге айналдырған. Биыл олар 2000-нан аса компанияның ішінен 500 үздігін таңдап алған. Одан кейін 6 талап бойынша 150 компанияны іріктеп, ең үздік 3-уін марапаттаған.
Үздіктердің қатарынан "Технодом" басшысы Ринат Исмаилов, "Kaspi.kz" басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе, "Alina Group" басшысы Ерлік Балфанбаев табылды. Сонымен қатар жылдың ең сәтті келісімі ретінде "Fly Арыстан" танылды. Осы орайда, үздік деп танылған Михаил Ломтадзе бұл жетістік клиенттеріміздің арқасы, деп барша банк клиенттеріне алғыс айтты.
"Бірінші кезекте клиенттерімізге алғыс айтамыз. Қазақстанда соңғы 6 айда қолма-қол емес төлем артты. Біз мұны клиенттерімізбен бірге жасадық",– деді ол.
Сонымен қатар, жиында сөз сөйлеген шараны ұйымдастырушы "Centras Group" холдингінің басшысы Елдар Әбдіразақов, мықты басшыларды марапаттап отыру керек екенін атап өтті.
"Кез келген кәсіби маман үшін өзге кәсіби мамандардан баға алу өте маңызды екенін түсіндік. Сарапшылар қауымдастығы жүлдеге ие болғандардың еңбегін жоғары бағалағаны қуантады. Басты талап – үздік басшының мықты қызметкерлер дайындап, "дарындылар магниті" бола алуы",– деді Елдар Әбдіразақов.