"Үздік педагог-2022" байқауының бірінші кезеңіне қатысу үшін құжаттарды қабылдау тағы 3 күнге ұзартылды. Яғни қазақстандық мұғалімдер 2022 жылғы 25 қыркүйекке дейін құжат тапсыра алады. Бүгінгі күні teachercontest.iac.kz веб-порталында тіркелген үміткерлер саны 4,4 мыңнан асты, деп хабарлайды inbusiness.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Биыл байқауға қатысуға ниет білдіргендердің көптігін көріп отырмыз. Сол себепті конкурсқа құжат қабылдауды 25 қыркүйекке дейін, екінші кезеңге қатысу үшін 2022 жылдың 30 қыркүйегіне дейін ұзарттық. Конкурсты өткізу тарихында алғаш рет біз оны электронды форматта өткізіп отырмыз. Бұл қатысушыларға байқаудың әр кезеңін бақылап отыруға мүмкіндік береді. Қазір байқаудың үш кезеңі де автоматтандырылған", – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.
Құжат қабылдау 2022 жылғы 12 қыркүйекте басталған болатын. Байқауға балабақшалардың, мектептердің, колледждердің штаттағы мұғалімдері қатыса алады. "Үздік педагог" атағының иегерлеріне 3 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы ғана емес, төсбелгілер де беріледі.