"Үздік шенеунік" байқауына келіп түскен өтініштер аз болып шықты

1297

Республикалық конкурстың бірінші кезеңі аясында үміткерлерді бағдарламалық және стратегиялық құжаттарды қаншалықты білетінін тексеретін тестілеу күтіп тұр.

"Үздік шенеунік" байқауына келіп түскен өтініштер аз болып шықты

Қазақстанда дәл қазір 90 мың 932 шенеунік бар екен. Алайда олардың небары 400-дейі ғана сынақтан өтуге бел буған.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өзі жариялаған "Қазақстанның үздік мемлекеттік қызметші" республикалық байқауына еліміздегі барлық өңірлерден небары 400-ден астам шенеунік қана қатысуға ынта білдіргенін мәлімдеді.

Агенттіктің хабарлауынша, республикалық конкурстың бірінші кезеңі аясында үміткерлерді бағдарламалық және стратегиялық құжаттарды қаншалықты білетінін тексеретін тестілеу күтіп тұр.

"Жалпы алғанда, оларға "Қазақстан-2050" стратегиясы, 2025 жылға дейінгі Қазақстанның стратегиялық даму жоспары, Елбасының "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" жолдауы, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы және "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы секілді 5 құжат бойынша 50 тестілік сұрақ ұсынылады. Әрбір сұраққа 5 жауап нұсқасы беріледі, оның тек біреуі ғана дұрыс болады. Әрбір дұрыс жауап үшін 2 бал тағайындалады, балдардың ең жоғарғы межесі – 100 бал", – деген түсініктеме берді мемқызмет агенттігі.

Бірақ жоғарғы белесті бағындыру міндет емес: небары жартысын, 50 бал жиған үміткерлердің барлығы келесі екінші кезеңге жіберіледі.

Оның барысында әр өңірде әңгімелесу өткізіледі. Осы мақсатта өңірлік байқау комиссиясы құрылған, олардың мүшелері әр өңірде сынақтан өткендермен сұхбаттасады.

Агенттік тестілеу 2019 жылғы 25 мамырда "Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы" АҚ-ы ғимаратындағы тестілеу залдарында өтетінін мәлім етті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу